Сағат таңғы бес шамасы. Айнала қараңғы, тек алыстан шығып келе жатқан күнді байқаймын. Ас үйде, терезе жақтауында отырмын. Қолымда бір кесе шәйім бар, сонау көкжиекке қарап бір сиқырды күтіп отырғандаймын. Осындай тыныштықта сағаттың "тық-тық" еткен дыбыстары да қатты естіліп, құлағымды жарып бара жатқандай. Мен оның жазған хабарламасын қайта оқып, мүмкін жауап берер деген оймен көзіме келген жасты сүрттім, бәрі тым күрделі. Үлкен әлемде мені түсінетін адам қалмағандай, нақтырақ айтқанда шер тарқатып, қысылмай сөйлесе алатын жан жоқтай. Бұған қалай жеттім? Жалғыздық мені жаулап бара жатыр, таңғы ойларым жан тәнімді түгелімен толтырып, ойым сан-саққа кетуде. Осылай қанша отырғанымды білмеймін, бетіме түскен күн сәулелерін байқағанда ғана есімде жидым, қалғып кетіппін. Шәйім болса суып қалған, еңсемді көтердім де терең тыныс алдым, ішімнен "бәрі жақсы болады" деп орнымнан тұрдым. Серігу үшін салқын душ қабылдап, киімімді ауыстырдым. Сағат тілі 7:38 көрсетіп тұр екен. Кенет, кеше тойға кеткен ата-анам мен апайымды еске түсірдім, әлі келмеген. Телефонымды алып қарасам "Қызым, біз қалада қалдық, такси болмай қалды" деген хабарламаны көзім шалды. Бір күрсіңдім де құлаққап пен әмиянымды алып, сыртқа шығып кеттім. Қала әлі ұйқыда, әрине, кім жексенбі күні ерте тұрады? Көп ойланбастан құлаққабымды тағып, жүгіре жөнелдім. Асықпай, бір қалыпта жарты сағаттай жүгірген екенмін. Үй ауласындағы дүкенге кіріп, не аларымды білмей ойланып қалдым, алайда ұзақ ойланбадым, көзім сөреде тұрған қып-қызыл алманы көріп қалды.
-Взвесьте, пожалуйста, килограмм яблок- дедім де өз эко-қабымды бердім.
-Отличный выбор, это алматинский апорт- деді күлімсіреп дүкенші әже. Ағарған шаштары өзіне жарасып-ақ тұр, шамасы зейнеттегі әжей сияқты, оған қарамастан көркі көздің жауын алады.
Алмамды қолыма ұстап, сыртқа шықтым, сағатқа қарап едім, бір сағат өтіпті. Пәтерге көтерілдім де, қолымдағы қапты үстелге қоя салдым. Ішінен біреуін алып, тиянақты жуып, өз бөлмеме кірдім. Телефонымды ашып қарасам, ол жауап беріпті. "Доброе утро, как дела?))" деген бір хабарламасы жүрегімді ерітіп жіберді, тіпті қуанғанымнан секіріп жібердім. Алманы қойып, жылдам "доброе, нормально, а ты как?:)" деп жауап бердім. Күнім бір сәтте қайтадан басталғандай. Жанымды түсінер адамды қайта тапқандай болдым.