Жасым 21-де, өзімнен 7 жас үлкен ағам бар. “Аға” деген аты ғана, кенжеміздей. Өзі аңсап дүниеге келген бала, содан кейін болар, ата-анам бетін қақпай өсірді, әсіресе анам. Бүлдірген оқылықтарын әкемнен жасыратын. Әкем біліп қалса да, анамның көз жасы үшін шара қолданбайтын. Өзі спортқа жақын болды, көптеген сайыстардан жүлделі орындарды иеленіп жүретін.

Әкем “балаларым қалаға оқуға түскенде, тұратын жайлары болсын” деп қалаға көшіп келдік. Қалаға көшіп, тіпті бұзылды. Кей ата-аналар секілді күштеп қаламаған оқуға түсіру деген болмады. Спорт жолын таңдады. Жарытып оқымады, қашып-пісіп жүрді. Бармаған дәрістеріне айыппұл төлейтін ережелері бар оқу орны еді. Жылдық оқу ақысынан бөлек, әкем еріксіз оны да төледі. Ал диплом табыстайтын күні әкем кенже інімді ертіп тұңғышының жетістігіне куә болуға барады. Дегенмен, табелі жоқ, жай кітапшасын алып қайтты. “Тапсыра алмаған емтихандары мен өтпеген практикалары бар, ақша төлеп қайта тапсырғанда ғана аласыздар”, - деді басшылық. Әкем оған да көнді. Жырлап оқыған оқуымен, бәрібір жұмыс жасамады. Көңіл көтеруден қолы босамады. Ішім-жемі үшін ақша талап етеді. Бермесең, концерт қояды. Аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып, оттайды, ертесінде оны мойындамайды. Тіпті, әкемнің көрде жатқан шешесін боқтап, әкемнің өзін өлтірем деп шығады. Әкем оның осы қылығы үшін анамды кінәлайды. Бұрын сол үшін ренжитінмін. Қазір, сөзінің жаны бар екенін түсінемін.

Жұмыс жасамайды, іздемейді де. Әкем тауып береді. Онда да мінезімен ұжымдастарымен келіспей шығып кетеді. Өзі секілді адамдарды тауып жұмыс табады. Бірақ ақыр аяғы айлықтарын ала алмай жүреді. Жатыпішер болды. Қазір үйде, жатып алып 3-4 сағат сайын тамақ жасап ішіп, теледидар көргеннен басқа ермегі жоқ. Әкем осынысын айтса, “жеген тамағыма сөйлейсіңдер” деп өзіне атылады.
Үйдегі кенже інімді (12де) аңдып, онымен тіреседі де жүреді. Әкем мен анамның екеуінің де денсаулықтары нашар. Нешетүрліні бүлдіргесін, екеуінің қан қысымы көтеріліп ауырып қалады. Тіпті, әкем үйден ашық түрде қуатын болды да. “Кетем-кетем, көрмейсіңдер” дегенімен, ертесінде дым болмағандай, лям-мим деместен бөлмесіне қамалып алады.

Соңғы кездері алғашқы махаббатына үйлендірмегендерін айтып жүр. Ол рас, өзі жас болғасын үйдегілер сөзін жай сөз көріп мән бермеді, сүйгені жыл өтіп, басқаға тұрмысқа шығып кетті. “Менің осындай болуыма сендер кінәлісіңдер, мен өзгермеймін, осындай болып қаламын, өздеріңнен көріңдер” деп жауапкершілікті біздің мойынымызға іле салды. Бірақ әркімнің өз болашағы өз қолында емес пе?! Сүйгеніме қосылмадым деп өмірінің тас-талқанын шығару керек пе?

Қажып кеттім, өзгелер секілді өмір көріп, жеке тұлға болып қалыптасып, басқа қалада тұрып көргім келеді. Бірақ мен кетсем, оның қылықтарынан ата-анама бірдеңе бола ма деп қорқамын. Ағамнан кейін жігіттерге деген сенімім де азайды. Айналамдағылардың көбі, тіпті, ағамның барын білмейді. Себебі, айтпаймын, ұяламын.
Жазып отырып, бұл менің өмірім екеніне өзім таң болып отырмын. Өтірік әңгіме секілді көрінеді, иә? Бірақ, шынымен, бұл менің өмірім.